31 мамыр – ел тарихындағы ең азалы кезеңнің бірін еске алу күні. Кеңестік тоталитаризмнің зұлым саясатынан миллиондаған адам саяси қуғын - сүргінге ұшырап, тұтас халықтар қудалауға түсті. Осыған орай, "Қасірет" мемориалында саяси қуғын - сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс - шара өтті. Саяси қуғын - сүргін құрбандарының ұрпақтары мен қала әкімі Әйтенов Мұрат Дүйсенбекұлы, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары еліміздің жарқын болашағы жолында тағдыр тауқыметін тартқан ұлт мақтаныштары мен арда азаматтардың рухына құрмет көрсетті. Іс - шара алдымен «Ана мен бала» ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Шараға қатысушылар саяси-қуғын сүргінге ұшыраған нәубет құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Сонымен қоса, қуғын-сүргін құрбандарының рухына құран бағышталды. Шара соңында ұрпақтар музейге келіп, экспозиция залында орналасқан ата-балаларының фотоқұжаттарымен танысып, өз естеліктерімен бөлісті.
Өскелең ұрпақ саяси қуғын - сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтап, мақтан етеді. Бүгінгідей бейбіт заман, кемелді келешек үшін жанын пида еткен қазақ зиялыларын ақтау, жаңарған қоғамда лайықты, мәртебелі орындарын беру - азаматтық парызымыз!