Шымкент қалалық саяси қуғын - сүргін құрбандары музейі
Саяси қуғын - сүргін құрбандары музейі 2001 жылы 2 қарашада ОҚО Тарихи - өлкетану музейінің филиалы болып ашылды. 2002 жылы 13 тамызда облыс әкімінің №248 қаулысымен «Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі» МКҚК болып құрылды. Түркістан облысы әкімдігінің 2018 жылғы 13 тамыздағы №234 қаулысы бойынша музей Шымкент қаласының коммуналдық меншігіне берілді. Музей Қазақстан Республикасында саяси бағыттағы қуғын - сүргін тақырыбына арналған алғаш ашылған музейлердің бірі. Музейдің сыртқы сәулеті мен ішкі дизайнының құрылысы және тақырыптық жоспары ерекше жасалған. Музей үш залдан тұрады: Экспозициялық зал; «Тағзым» залы; Кино залы.
Бастапқыда музей қоры 2500 - ге жуық экспонатпен ашылған болса, қазіргі таңда музей қорында 16347 экспонат жинақталды. Музей қорын толықтыру мақсатында аудандық, қалалық, облыстық және шетелдік архив, музейлермен байланысып, жұмыстар жүргізеді. Сонымен қатар, музей саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен тығыз байланыста. Музей жоғары оқу орындарының (ЕҰУ, ОҚМУ, ОҚМПУ, ХҚТУ және т.б) ғалымдарымен, тарихшыларымен, Алаштанушыларымен бірлесіп ғылыми жұмыстар жүргізеді және аталған ЖОО студенттерінің қатысуымен көптеген іс-шарлар өткізеді. Алаш қайраткерлері мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының мерейтойларын атап өту мақсатында іс-шаралар, лекциялар, көрмелер, дөңгелек үстелдер тұрақты өткізіліп тұрады. Іс-шаралар республикалық, облыстық, қалалық, аудандық деңгейде өткізіліп, оларды насихаттау мақсатында БАҚ-мен тығыз байланыс жасайды.
Музейдегі өткізілетін іс - шаралар, онлайн бейнелекциялар, тарихи деректер және сол сияқты көптеген ақпараттар музейдің әлеуметтік желідегі парақшаларында (фейсбук, инстаграм, ютюб) және ресми сайтында (www.repressia.kz) тұрақты жарияланып отырады. Қазіргі уақытта музей әлеуметтік желіні пайдалана отырып «Ұрпақтар еске алады», «Музей мұрағатынын», «Алаштың асыл арыстары» атты жобаларды жүзеге асыруда. Сонымен қатар, музей Түркістан облысының киелі жерлеріне 5 бағытта турлар ұйымдастыруда.