31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Шымкент қаласы мен Түркістан облысының бірқатар аудандарынан арнайы келген қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары "Қасірет" мемориалында жиналды. Шымкент қаласының зиялыларымен бірлесе отырып "Ана мен бала" мүсініне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Сондай-ақ, Ата-баба рухына тағзым етіп, оларға құран бағышталды.
Еске алу шарасы музейде жалғасын тапты. Музей қызметкерлері “Республика” партиясының ұжымымен бірлесіп іс-шара өткізді. Іс-шара барысында ұрпақтар музей залдарын тамашалап, өз аталарына арналып жасақталған көрмемен танысты. Сонымен қатар, музейге келген студенттер мен оқушыларға ата-бабаларының естеліктерімен бөлісті.
Партия белсенділері ұрпақтармен арнайы сұхбаттасып, оларды алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табыстады. Шара барысында музей директоры Асқарова Мария Келесқызы "Сұлтанбек Қожанов-130 жыл" медальімен марапатталды.
Музей ұжымының атынан шараға қатысқан барлық ұрпақтарға алғыс білдіреміз!
Сонымен қатар, осы айтулы күнде музейде Ашық есік күні акциясы өтті. Музейге 500-ге жуық қонақтар келді.
Тарихымызды насихаттап, дәріпттеу біздің ата-баба алдындағы борышымыз!